Шартарап

«Қазақконцерт» 66-маусымын Жұбанов пен Хамидиге арнады

Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы 66-шы маусымын ашты. Биылғы маусым композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 120 жылдығына арналды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бағдарламада ұлттық музыка, дәстүрлі ән-күй, опера, классикалық және эстрадалық шығармалар орындалды. Кеш Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Жұбанов пен Хамидидің «Абай» операсындағы «Би сюитасымен» басталды. Сонымен қатар қазақ операсынан попурри, «Алтын арқа», «Ән шашу», «Заман», «Сарыарқа», «Қарлығаш» сынды туындылар шырқалды.

Ашылу кешіне Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Астана сазы» фольклорлық ансамблі, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы, G-band тобы, «Birlik» би ансамблі және басқа да ұжымдар қатысты. Алматыдан арнайы келген «Қазақконцерт» филиалының әртістері де өнер көрсетті, олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, еңбек сіңірген әртіс Айжан Нұрмағамбетова және еңбек сіңірген қайраткер Жанна Орынбасарова бар.

Сахнада мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың лауреаттары мен жас орындаушылар өнер көрсетті. Медет Шотабаев, Серік Еркімбеков, Айгүл Елшібаева, Айзада Қапонова, Айзат Қарабек, Азат Мәлік сынды өнерпаздар қатысты.

Концерт Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-ау» әнімен аяқталды. Соңында Мәдениет және ақпарат министрлігі атынан өнерпаздарға гүл шоқтары табысталды. Жаңа маусымда «Қазақконцерт» дәстүрлі музыка, эстрада, классика және театр өнерін қамтитын жобаларды ұсынбақ.

Көп оқылғандар