Басты тақырып

Президент: Орта державалардың ұстанымдары жаһандық басқаруда ескерілуі тиіс

Сурет: Ақорда

Бішкектегі «ШЫҰ плюс» саммитінде Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің халықаралық құқықты қорғаудағы үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бас хатшының реформасы БҰҰ-ның әмбебап сипатын сақтап, оны тиімді әрі нәтижелі құрылымға айналдыруға тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, Президент орта державалардың рөлінің артып келе жатқанына назар аударды.

«Мұндай елдер түрлі орталықтар арасындағы диалогқа және ұжымдық шешімдер әзірлеуге ықпал ете алады. Олардың ұстанымдары мен бастамалары жаһандық басқару тетіктерінде барынша ескерілуге тиіс. Қазақстан бұл үдеріске белсене атсалысуға дайын. Превентивті дипломатияны нығайтпай, Біріккен Ұлттар Ұйымын институттық тұрғыдан жаңғырту мүмкін емес. Қақтығыстардың алдын алу және дау-дамайды бейбіт жолмен реттеу мәдениетін қалыптастыру үшін ұжымдық күш-жігер керек. Осы бағдарды басшылыққа алған Қазақстан биыл шілде айында Қытай Халық Республикасының бастамасын қолдап, Медиация жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы конвенцияға мүше болды», деді Президент.

Мемлекет басшысы жаһандық тұрақтылықтың жасанды интеллектіні дамытудағы жауапкершілікке тәуелді екенін еске салды.

«Жасанды интеллектінің жасампаз әлеуетін ашатын, оның бақылаусыз қолданысына жол бермейтін және цифрлық алшақтықты қысқартатын әмбебап ережелер қажет. Қазақстанның бастамасымен Алматыда БҰҰ Азия-Тынық мұхиты елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның (ЭСКАТО) Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы құрылады. Орталық, ең алдымен, дамушы елдердің игілігі үшін озық тәжірибелерді кеңінен таратуға септігін тигізеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгін Мемлекет басшысы ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысып, жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды. Кеңес отырысы «ШЫҰ плюс» форматында жалғасты.

Көп оқылғандар