Сурет: Ақорда
Республикалық тамыз конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласында әлеуметтік желілерде жиі туындайтын дау-дамайларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы білім саласының дамуы табанды еңбекті қажет ететінін айтып, ортақ мақсатты ұмытпауға шақырды.
«Білім жолы – сынағы мен қиындығы көп жол. Осы жолда табысқа жетіп, бейнеттің зейнетін көру үшін, ең алдымен, табанды еңбек ету қажет. Түптеп келгенде, бәріміздің мақсатымыз – бір, мүддеміз – ортақ екенін естен шығармаған абзал. Бұл орайда бір мәселеге арнайы тоқталып өткім келеді. Көбіңізге белгілі, әлеуметтік желіде білім саласына қатысты қызу пікірталастар болып тұрады. Кейде мұндай дау-дамайларға білім жүйесінің бұрынғы және қазіргі лауазымды тұлғалары араласып жататыны көзге түсетін болды» Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент балалардың болашағы үшін алаңдап, нақты ұсыныстар айту мен жеке бедел үшін пікір білдірудің ара-жігін ажырату қажет екенін айтты.
«Өкінішке қарай, осындай тартыстар білім саласына пайдасын тигізеді деп айту қиын. Өркениетті пікірталастардың орнына айқай-шу мен даңғазаны тыңдап отыруға мәжбүрміз. Тіпті ұстаздар қауымы да ондай пікірталастардың түпкі мәнін түсіне алмай дал болуда. Әрине, балалардың болашағы үшін алаңдап, ұтымды ұсыныстар білдіру – бір бөлек әңгіме. Ал жанашыр болып емес, жақсы атты болу үшін пікір білдіру – тіптен басқа мәселе. Өнбейтін дауды қуып, өрісімізді кеңейте алмайтынымыз анық. Қазір бос, бұрыс сөздің уақыты емес, нақты, дұрыс істің дәуірі. Осыны ескерген жөн», деді Мемлекет басшысы.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Оқу-ағарту министрлігі орта білім мазмұнын заман талабына сай жаңғыртуы қажет екендігіне тоқталды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы мұғалім тапшылығын жою мен біліктілікті арттыру мәселесіне назар аударды.
