Сурет: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Қаржы корпорациясының атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады. Бұл сапар Вашингтонда қол жеткізілген келісімдердің жалғасы және АҚШ-пен көпсалалы ынтымақтастықты тереңдетудегі маңызды қадам екенін атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының айтуынша, Дональд Трамптың Ақ үй әкімшілігіне келуімен Вашингтон Астанамен және Орталық Азиямен ынтымақтастықты айтарлықтай жандандырды. Президент АҚШ Президентінің дипломатиялық батылдығы мен прагматикалық ұстанымын толық қолдайтынын жеткізді. Қазақстан Американың Ибраһим келісімдері, Бейбітшілік кеңесі, TRIPP бастамасы және басқа да жобаларын ілгерілетуге белсенді қатысып келеді.
Бірлескен күш-жігеріміз бүгінде бұрынғыдан да беки түскен кеңейтілген стратегиялық серіктестігімізге тың серпін берді. Сіздің сапарыңыз Қазақстандағы ауқымды саяси және экономикалық өзгерістермен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл реформалар елімізді ресурстарға тәуелді модельден білімге бағдарланған әртарапты экономикаға көшіруге бағытталған. Корпорацияңыздың инвестициялық басымдықтары Қазақстанның даму күн тәртібіне сай келеді. Біз нақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа дайынбыз,
деді Президент. Бен Блэк қонақжайлық үшін алғыс айтып, Алматыда іскерлік қауымдастықпен нәтижелі кездесу өткенін атап өтті.
Кездесуде аса маңызды минералдар, көлік байланысы, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Сондай-ақ Қазақстанда АҚШ Қаржы корпорациясының халықаралық даму жөніндегі тұрақты өкілдігін ашу мәселесі қаралды.

