Әлем

Полиция ескертеді: көшедегі күмәнді QR-кодтардан сақ болыңыз

Сурет: Egemen Qazaqstan

Полиция азаматтарды көшедегі күмәнді QR-кодтардан сақ болуға шақырады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

QR-кодтар күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналғанымен, алаяқтар бұл технологияны адамдарды алдау үшін пайдаланады. Көшеде, аялдамаларда, подъездерде немесе жарнама тақтайшаларында орналасқан QR-кодтарды сканерлеу алдында олардың қауіпсіздігіне көз жеткізу керек. Қылмыскерлер түпнұсқа кодтың орнына өздерінің жалған QR-кодын жапсырып, адамдарды қауіпті сайттарға бағыттауы мүмкін.

Мұндай сілтемелердің мақсаты – жеке мәліметтерді немесе банк карталарының деректерін алу. Көп жағдайда азаматтар төлемді дұрыс жасадым деп ойлағанымен, қаражат алаяқтардың есепшотына аударылып кетеді.

Күмәнді QR-кодтардың негізгі белгілері: QR-код басқа жарнаманың үстіне жапсырылған; хабарландыруда ресми емес безендіру болуы мүмкін; «Сыйлық алыңыз», «Тек бүгін», «Жедел сканерлеңіз» сияқты асықтыратын мәтіндер жазылған; ұйымның атауы немесе байланыс деректері көрсетілмеген.

Өзіңізді қорғау үшін: белгісіз QR-кодтарды себепсіз сканерлемеңіз; сілтеме ашылар алдында оның интернет-мекенжайын мұқият тексеріңіз; күмәнді сайттарға жеке деректеріңізді, банк картасының мәліметтерін немесе SMS арқылы келген растау кодтарын енгізбеңіз; белгісіз қосымшаларды орнатуға немесе құрылғыға қосымша рұқсаттар беруге келіспеңіз; төлем жасау кезінде QR-кодтың ресми ұйымға тиесілі екеніне көз жеткізіңіз.

Егер күмәнді QR-кодты сканерлеп, жеке немесе қаржылық деректеріңізді енгізіп қойған болсаңыз, банкке дереу хабарласып, картаңызды бұғаттаңыз.

Көп оқылғандар