Сурет: Egemen Qazaqstan
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков швейцариялық БАҚ-қа берген сұхбатында Ресей ешқашан Үшінші дүниежүзілік соғысты бастамайтынын айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Песковтың сөзінше, Ресей үлкен әрі жауапты мемлекет, сондықтан ол мұндай соғыстың бастамашысы болмайды. Ол Украинадағы «арнайы әскери операция» Батыс елдерінің Киевке қару жеткізуіне байланысты толыққанды соғысқа айналғанын атап өтті.
Кремль өкілі уақыт өте келе Ресей мен Еуропа арасындағы диалог қайта жанданады деп есептейді. Оның пікірінше, онсыз Еуропадағы жаңа қауіпсіздік архитектурасын құру мүмкін емес.
Песков АҚШ-тың Украинадағы жағдайды бейбіт жолмен шешуге бағытталған күш-жігері нәтиже беретініне үміт бар екенін жеткізді. Ресей АҚШ-пен жұмыс арналары арқылы байланысын жалғастырып отыр.
Кем дегенде, Ресей президенті бірнеше рет айтқандай, біз бұл бағыттағы диалогқа әрдайым ашықпыз, — деді Песков.
Бұған дейін Песков Ресей армиясының майдандағы жетістіктеріне қарамастан, Мәскеу Украина бойынша бейбіт келіссөздерге ашық екенін айтқан. Сондай-ақ ол Франция президенті Эммануэль Макрон Ресей президенті Владимир Путинге қоңырау шалуға қатысты уәдесін орындайды деп үміттенетінін білдірді.
Песков Макрон көптеген мәлімдемеден кейін ақыры телефон тұтқасын алып, Путинге қоңырау шалады деп сенетінін айтты. Ол Ресей тарапы бұл мәселеде сабыр сақтап, сол қоңырауды күтетінін атап өтті.

