Сурет: ua-football.com
Парагвай президенті Сантьяго Пенья ұлттық құраманың әлем чемпионатындағы тарихи жетістігіне байланысты 30 маусымды демалыс күні деп жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президент бұл туралы өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеп, тиісті жарлыққа қол қойғанын көрсетті.
«Парагвай құрамасының Германияны жеңіп, 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалына тарихи жолдама алуына байланысты 30 маусым ұлттық демалыс күні болып жарияланады», делінген жарлықта.
Сантьяго Пенья ұлттық құраманың жейдесін киіп, теледидар алдында жарлыққа қол қойып отырған фотосын жариялады.
«Осындай қуаныш сыйлағандарыңыз үшін және миллиондаған парагвайлықты қайтадан бір тудың астына біріктіргендеріңіз үшін рақмет», деп жазды Сантьяго Пенья.
Парагвай құрамасы әлем чемпионатының 1/16 финалында Германияны пенальти сериясында 4:3 есебімен жеңген болатын. Енді Парагвай құрамасы 4 шілде күні Филадельфия қаласында өтетін 1/8 финал матчында Франция мен Швеция құрамалары арасындағы кездесудің жеңімпазымен кездеседі.

