Сурет: ОСК
Орталық сайлау комиссиясының отырысында 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарын сайлауға «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу мәселесі қаралды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
9 шілдеде ОСК-ға «Қазақстан Халық партиясы» партиялық тізімін ұсыну үшін құжаттарын тапсырған еді. Комиссия сайлау заңнамасына сәйкес кандидаттардың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сай келетінін анықтады.
ОСК мүшесі Әсел Жанәбілова кандидаттарға қойылатын талаптарды атап өтті: олар Қазақстан азаматы болуы, соңғы 10 жыл бойы елімізде тұрақты тұруы және 25 жастан кем болмауы керек.
«Қазақстан Халық партиясы» 72 адамнан тұратын тізім ұсынды. Оның 30-ы – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар, бұл жалпы тізімнің 41,7 пайызын құрайды. Заңдағы квота сақталған. Уәкілетті органдарға жіберілген сұраулар бойынша тізімдегілердің барлығы заң талаптарына сәйкес келеді», – деді Әсел Жанәбілова.
Ол сондай-ақ «Қазақстан Халық партиясы» 2023 жылғы 19 наурыздағы Мәжіліс сайлауында 5 пайыздан астам дауыс алғанын еске салды. Осыған орай партия сайлау жарнасын төлеуден босатылады.
ОСК мүшелері хаттамаларға қол қойып, партиялық тізімді тіркеу туралы қаулы қабылдады. Тіркелген кандидаттарға куәліктер табысталды. Отырыстан кейін партия басшылығы брифинг өткізіп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Мазмұнға өту
