Саясат

ОСК екі партияның Құрылтай сайлауына үміткерлерін тіркеді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Орталық сайлау комиссиясы «Қазақстан халық партиясы» мен «Байтақ» жасылдар партиясының Құрылтай сайлауына үміткерлер тізімін тіркеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

ОСК сайлау заңнамасына сәйкес кандидаттардың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңда белгіленген талаптарға сай келетінін анықтады.

ОСК мүшесі Ә.Жанәбілованың айтуынша, «Қазақстан халық партиясынан» 72 кандидат тіркелген. Оның 30-ы әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар санатынан. Заңдағы квота сақталған. Уәкілетті органдарға жіберілген сұраулар бойынша партиялық тізімдегілердің бәрі заң талаптарына сәйкес келеді.

Партия 2023 жылы 19 наурызда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауда 5 пайыздан астам дауыс жинап, сайлау жарнасын төлеуден босатылды.

Кеше түстен кейін ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен өткен отырыста «Байтақ» жасылдар партиясының 47 кандидаты тіркелді. ОСК мүшесі Азамат Айманакумов партиялық тізімде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар санатынан 18 кандидат бар екенін, бұл жалпы тізімнің 38,3 пайызын құрайтынын жеткізді.

Ол партиялық тізімдегілердің барлығы талаптарға сай екенін атап өтті. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңның 88-бабына сәйкес, алдыңғы сайлауда 1-ден 3 пайызға дейін дауыс алған партиялар сайлау жарнасын белгіленген мөлшердің 70 пайызы көлемінде төлейді. «Байтақ» 2,3% дауыс жинағандықтан, жарнаны заңдағы мөлшерде төледі.

Екі отырыстың қорытындысы бойынша партиялық тізімді тіркеу туралы қаулы қабылданып, үміткерлерге куәліктер тапсырылды. Кейін партия басшылары брифингте БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Көп оқылғандар