Сурет: ОСК
Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысатын «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
ОСК мүшесі Азамат Айманақұмовтың айтуынша, партия комиссияға 47 кандидаттан тұратын тізім ұсынған. Уәкілетті мемлекеттік органдардың қорытындылары бойынша барлық кандидаттардың Конституциялық заң талаптарына сәйкестігі тексерілген.
Партиялық тізімде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар санатынан 18 кандидат бар. Бұл жалпы тізімнің 38,3 пайызын құрайды. Осылайша заңда белгіленген квота толық сақталған.
ОСК өкілі VIII сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында 2,3 пайыз дауыс жинаған «Байтақ» жасылдар партиясы заңнамаға сәйкес сайлау жарнасын белгіленген мөлшерде төлегенін айтты.
23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына партиялық тізімдерді тіркеу 23 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады.
Мазмұнға өту
