Сурет: Жайық Пресс
Орал қаласында 21–23 қазан аралығында «Аспан астындағы музей қала» атты экскурсиялық бағдарлау бойынша республикалық жарыс өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы күніне арналды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жарысқа Ақмола және Атырау облыстарынан, БҚО-ның 12 ауданы мен Орал қаласынан барлығы 15 команда құрамында 105 оқушы қатысты. Қатысушылардың басты міндеті – бағдарлау дағдыларын көрсету ғана емес, сонымен қатар туған өлке тарихын білу, зерттеу қабілеттерін және мәдени мұраны заманауи тілде баяндау шеберлігін дәлелдеу болды.
Жарысты Қазақстан Республикасы Ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы және облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы ұйымдастырды.
Спорттық бағдарлау дистанциясында оқушылар «соқыр карта» арқылы қаладағы тарихи-мәдени ескерткіштерді тауып, олар туралы сұрақтарға жауап беруі керек болды. Бұл ретте зейінділік пен маршрутты жылдам анықтау ғана емес, ғимараттың сәулеттік бейнесінен өткен оқиғаларды көруге мүмкіндік беретін білім де қажет болды.
«Тарихтың үнсіз куәгерлері» зерттеу жобаларын қорғау бағытында қатысушылар тарихи құндылығы бар ғимараттарды өз бетінше зерттеді. Назарда нысандардың құрылу тарихы, салынған жылы, авторы, мақсаты, орналасуы, мәдени маңызы және қазіргі жағдайы болды. Жобаларды дайындау барысында оқушылар тарихи дереккөздер мен мұрағат материалдарына жүгініп, мәліметтерді салыстырып, жергілікті тұрғындар мен қарттардан сұхбат алды.
«Бір ескерткіш – бір оқиға» подкаст номинациясында қатысушылар үш минутқа дейінгі аудиоматериал дайындауы қажет болды. Қысқа шығарылымда нысанның тарихы, қызықты факті немесе аңыз туралы әңгімелеп, оның маңызын түсіндіріп, жеке пікірлерімен бөлісу керек еді.
Жарыс бағдарламасына спорттық бағдарлау, зерттеу қызметі және цифрлық контент құру кірді. Әр бағыт оқушылардың түрлі қабілеттерін сынады: дене дайындығы, байқағыштық, дербестік, ақпаратпен жұмыс істеу және көпшілік алдында сөйлеу.
Жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орынды Бөрлі ауданының командасы, екінші орынды Теректі ауданының командасы, үшінші орынды Қазталов ауданының командасы иеленді.
«Тарихтың үнсіз куәгерлері» жобаларын қорғауда Қазталов ауданынан Сәкен Ақтоорғын, Бәйтерек ауданынан Варвара Артюнина және Ақмола облысынан Вероника Чеканова ерекшеленді.
«Бір ескерткіш – бір оқиға» подкаст номинациясында үздік деп Теректі, Бөрлі және Қаратөбе аудандарының командалары танылды. Экскурсиялық бағдарлау дистанциясында Ақжайық, Теректі және Бөрлі аудандарының командалары жоғары нәтиже көрсетті.
Мазмұнға өту
