Басты тақырып

Олжас Бектенов ауқатты азаматтарға салық салу тәсілін енгізуге бір ай уақыт берді

Сурет: Үкімет

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов инвестиция тарту жүйесін жетілдіру қажеттігін айтып, ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдерін енгізуге бір ай мерзім берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Отырыс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жүзеге асыруға арналды. Бектенов капитал үшін жаһандық бәсеке күшейген жағдайда инвестиция тартудың қалыптасқан тетіктерін түбегейлі қайта қарау қажет екенін атап өтті.

«Капитал үшін жаһандық бәсеке күшейе түскен қазіргі жағдайда инвестиция тартудың қалыптасқан тетіктерін түбегейлі қайта қарап, өкілеттіктердің қайталануына жол бермей, шешімдердің жедел қабылдануын қамтамасыз ету қажет», деді Олжас Бектенов.

Ұлттық экономика және Сыртқы істер министрліктеріне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, он күн ішінде инвестициялық процестерді басқарудың біртұтас жүйесін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды. Сондай-ақ терең өңдеу жобаларының тізбесін бір ай мерзімде жасау керек.

Шағын және орта бизнестің мемлекеттік сатып алуға қатысуын кеңейту мәселесі де қаралды. Бұл ретте Қаржы, Ұлттық экономика, Өнеркәсіп, Сауда, Әділет министрліктері «Атамекен» палатасымен, «Самұрық-Қазына» қорымен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, бір апта ішінде ұсыныстар енгізуі қажет.

Салық заңнамасын жетілдіру жөніндегі шаралар бөлек қаралды. Ұлттық экономика министрлігіне жаңа Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді пысықтап, мемлекеттік органдармен жедел келісу тапсырылды.

«Бөлек мәселе – ауқатты азаматтарға арналған салық мөлшерлемесі. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері бір ай мерзімде халықаралық тәжірибені зерделеп, аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдерін енгізсін», деп тапсырды Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Қаржы министрлігі жергілікті жерлерде салықтардың жиналуын арттыру, көлеңкелі экономика деңгейін төмендету және салық пен кедендік әкімшілендіруді толық цифрландыру шараларын қабылдауы қажет.

Көп оқылғандар