Сурет: «Uzbekcosmos» агенттігінің тікелей эфирінен алынған кадр
Қытайдың Star Vision компаниясы Өзбекстанның алғашқы Samarkand-2028 жер серігін орбитаға шығарды. Бұл туралы Өзбекстанның Цифрлық технологиялар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұшыру Қытайдың Шаньдун провинциясы жағалауындағы теңіз платформасынан жүзеге асты.
Ведомствоның айтуынша, «Uzbekcosmos» мамандары жер серігінің борттық жүйесіне арнайы жасанды интеллект модулін жасаған. Бұл технология гиперспектрлік деректерді тікелей орбитада өңдеуге мүмкіндік беріп, ақпаратты беру мен талдаудың тиімділігін арттырады.
«Uzbekcosmos» агенттігінің түсіндіруінше, Samarkand-2028 экологиялық ахуалды зерттеу, су және жер ресурстарын бақылау, ауыл шаруашылығы дақылдарының жай-күйін бағалау, сондай-ақ төтенше жағдайларды болжау кезінде егжей-тегжейлі мәліметтер алуға мүмкіндік береді.
Жер серігінің атауы 2028 жылы Самарқандта өтетін 79-халықаралық астронавтика конгресіне байланысты қойылған.
Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсанында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев парламент пен халыққа арнаған жолдауында елдің алғашқы ғарышкерін ғарышқа ұшыру жоспары бар екенін мәлімдеген болатын.
Мазмұнға өту
