Әлем

Өзбекстан президенті екінші АЭС салу жоспарын жария етті

Сурет: Өзбекстан Республикасы президентінің баспасөз қызметі

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев елде екінші атом электр стансасын салу жоспарланып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ол Хорезм облысында жаңа инвестициялық жобалардың ашылу салтанатында алғаш рет көпшілік алдында айтты. Алайда стансаның нақты орны әзірге белгісіз.

«Мен сіздерге бір құпия айтайын. Біз екінші АЭС салуды жоспарлап отырмыз. Әзірше оның қайда салынатыны белгісіз. Бірақ түптің түбінде бізде электр қуатын үнемдеу үшін екінші АЭС болады», — деді ол.

Еске сала кетсек, Өзбекстанның алғашқы АЭС-і Жизақ облысы Фариш ауданында салынып жатыр. Оны 2029 жылы іске қосу жоспарланған. Сол жылдың қазан-қараша айларында бірінші шағын модульдік реактор іске қосылады, ал екіншісі — алты айдан кейін.

Алғашқы ірі энергоблокты 2033 жылы іске қосу көзделген. Жобаны толық аяқтау 2034–2035 жылдарға жоспарланған. Стансаның жалпы қуаты 2110 МВт, ал жылдық электр қуатын өндіру көлемі 17 млрд кВт·сағатқа дейін жетеді.

Жобаның базалық құны 9,5 млрд доллардан аспайды деп күтілуде. Қаржыландырудың негізгі бөлігін несие қаражаты, оның ішінде Ресейдің жеңілдетілген экспорттық кредиті есебінен тарту жоспарлануда.

Қазақстандағы алғашқы атом электр стансасының құрылысы 2027 жылы басталады. Сонымен қатар, екінші АЭС салу да жоспарда бар. Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, ол Қостанай облысында салынуы мүмкін.

Көп оқылғандар