Сурет: Egemen Qazaqstan
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында еліміздің өңірлерінде көлік инфрақұрылымын жаңғырту, жаңа мектептер ашу және мектепке дейінгі білімге қолжетімділікті арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Өткен аптада бірнеше нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Абай облысында Шар, Үшбиік, Жарма және Жалаңашкөл стансаларындағы төрт теміржол вокзалы жаңартылды. Ескі құрылыстар бұзылып, қосымша қабаттар салынды. Бұл аумақты кеңейтіп, жаңа перрондар мен платформалар орнатуға, күту залдарын жабдықтауға және мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Ақтөбе облысында 1905 жылы салынған Жем вокзалы қайта ашылды. Ғимараттың ауданы 387,5 шаршы метрден 421,2 шаршы метрге ұлғайтылды. Шатыры мен қасбеті жаңартылып, ішкі бөлмелер мен инженерлік желілер жөнделді. Перрон реконструкцияланды, маңайы абаттандырылды, күту залдары заманауи жиһазбен жабдықталды.
Білім саласында Ақтөбе облысында оқу жылына орай 7 жаңа мектеп ашылды: Ақтөбе қаласында үшеуі, Темір ауданында екеуі, Мұғалжар мен Мәртөк аудандарында бір-бірден. Ғимараттар пәндік кабинеттермен, спорт залдарымен, цифрлық құралдармен және қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Өңірдегі 449 мектепте 194 мыңнан астам бала оқуды бастады, оның 20 мыңнан астамы бірінші сыныпқа барды.
Алматы облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында 4,2 мың орынға арналған бес жаңа мектеп ашылды, тағы 10 нысан күрделі жөндеуден өтті. Олар STEM зертханаларымен, роботтехника кабинеттерімен және спорт залдарымен қамтылды.
Түркістан облысында 9 жаңа мектеп пен қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жөндеуді қажет ететін 115 мектеп жаңғыртылуда. Облыста 50 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барды.
Ұлытау облысының Мыңадыр ауылында Білім инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 80 орындық мектеп ашылды. Ғимаратта 18 сынып, роботтехника кабинеті, спорт залы, футбол және баскетбол алаңдары бар.
Алматыда 120 және 160 орындық екі балабақша ашылды. Топтар интерактивті тақталармен және мобильді құрылғылармен жабдықталған. Спорт және музыка залдары, қазақ тілі кабинеттері, психолог бөлмесі мен шығармашылық аймақтар қарастырылған.
