Сурет: Reuters
Оңтүстік Африка Республикасы әлем чемпионатының А тобындағы соңғы турда Оңтүстік Кореяны 1:0 есебімен жеңіп, тарихында алғаш рет плей-офф кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мексиканың Гуадалупе қаласында өткен матчтың тағдырын 63-минутта соғылған жалғыз гол шешті. Ойын алдында Оңтүстік Корея фаворит саналған еді. Сон Хын Мин бастаған команда алғашқы екі турда 3 ұпай жинаса, ОАР-да 1 ұпай болған.
Бірінші таймда корейлер допты көбірек ұстағанымен, қауіпті сәттерді африкалықтар жасады. Екінші таймда ОАР шабуылды күшейтті. 63-минутта қосалқы құрамнан шыққан Цепо Моремидің сол қапталдан берген пасын Тапело Масеко дәл соққымен аяқтады.
Қалған уақытта Оңтүстік Корея есепті теңестіруге тырысқанымен, қарсылас қорғанысын бұза алмады. Матч 1:0 есебімен аяқталды. Осылайша ОАР 4 ұпай жинап, тарихында алғаш рет әлем чемпионатының плей-оффына шықты. Топтағы екінші матчта Мексика Чехияны 3:0 есебімен жеңгеннен кейін африкалық ұжым келесі кезеңге өтті.
Үш ұпаймен қалған Оңтүстік Корея топта үшінші орынға тұрақтады. Енді азиялық команда плей-оффқа шығу үшін үшінші орын алған үздік сегіз құраманың қатарына енуі керек.

