Басты тақырып

Нью-Йорктегі Бруклинде үш қабатты үй опырылып, сегіз адам қаза тапты

Сурет: ашық дереккөздерден

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Бруклин ауданында үш қабатты тұрғын үй құлап, кемінде сегіз адам қаза тапты, тағы 19 адам жарақат алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, қаза тапқандар саны артуы мүмкін. Ғимарат құрылыс алаңының үстіне құлап, көршілес нысанның бүйір қабырғасы да зақымданған.

Нью-Йорк өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, зардап шеккендердің арасында үш өрт сөндіруші бар. Оқиға кезінде үй тұрғындарға толы болған, ал құрылысшылар жақын маңдағы қазаншұңқырда жер қазу жұмыстарын жүргізіп жатқан.

Құтқарушылар үйінділерді аршу үшін дрондар мен арнайы үйретілген иттерді қолданып жатыр. Ғимараттың опырылу себебі әзірге белгісіз. Қала билігі қираған үй мен іргелес құрылыс алаңына жан-жақты тексеру жүргізілетінін мәлімдеді. Тергеушілер құрылыс салушылардың барлық қажетті рұқсат құжаттары болғанын хабарлаған.

Нью-Йорк мэрі Зоран Мамдани болған оқиғаны жан түршігерлік жағдай деп атады.

Көп оқылғандар