Сурет: istockphoto.com
Нигерияның солтүстік-батысындағы Сокото штатында шамадан тыс жүктелген қайық аударылып, кемінде 40 бала қаза тапты. Қайғылы оқиға 20 тамыз күні таңертең Горонио аймағындағы Горау маңында болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қайықтағы адамдардың басым бөлігі жасөспірімдер еді, олар күріш жинауға бара жатқан. Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, қайықта 70-тен астам адам болған.
Ұлттық ішкі су жолдары басқармасының аймақтық менеджері Абдулкадир Юсуфтың айтуынша, әзірге 40-қа жуық баланың денесі табылған. Ал жергілікті депутат Насиру Адаму қаза тапқандар саны 43-ке жеткенін, 16 адамның құтқарылғанын хабарлады.
Сүңгуірлер қаза болғандардың денелерін судан алып шықты. Іздеу-құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Нигерияда өзендердегі қайық апаттары жиі кездеседі. Бұған қайықтардың шамадан тыс толтырылуы, техникалық жағдайының нашарлығы және қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болады. Биыл қаңтарда Йобе штатында осындай қайық апатынан кемінде 25 адам қаза тапқан болатын.
Мазмұнға өту
