Сурет: Egemen Qazaqstan
Мысырдағы Бахария оазисінде археологтар шамамен 2500 жыл бұрын салынған ежелгі ғибадатхана кешенінің қалдықтарын анықтады. Бұл тарихи нысан Әл-Қаср Әл-Қадим қасиетті аймағында орналасқан және ол Мысырдың 26-әулеті дәуіріне жатады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазба жұмыстары барысында мамандар құмтастан тұрғызылған 16 бағаналы үлкен залды және оған жалғасқан бірнеше бөлмені тапты. Сонымен қатар, перғауын І Псамтиктің атақтары жазылған тас блоктар мен ежелгі құдайлар Амон-Ра, Амунет және Хонсуға қатысты иероглифтер анықталды.
Археологтар бұдан бөлек ІІ Аменхотеп кезеңіне тиесілі стеланы және ІІ Рамсес заманынан қалған бірқатар құнды жәдігерлерді тапқан. Зерттеушілердің айтуынша, ғибадатхана құрылысы І Псамтиктің тұсында басталып, кейін оның мұрагерлері тарапынан аяқталған.

