Сурет: Egemen Qazaqstan
Астаналық Лашын Жанарбек Моңғолиядағы Алтай Таван Богд тау жүйесінің ең биік нүктесі — Хүйтэн шыңын бағындырып, 4374 метр биіктікте Қазақстанның көк туын тікті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Лашын Моңғолияға еңбек демалысын отбасымен өткізуге барған. Бұл сапар ол үшін күтпеген сынақ пен ерекше тәжірибе болды. Кәсіби альпинист ағасы Нұрбектің кеңесімен ол 15 жастағы інісін ертіп, үшеуі бірге шыңға аттанған.
Мәңгі мұздықтар басқан шыңды бағындыруға оларға 15 сағат қажет болды. Бұл — отбасының тауға шығудағы жеке рекорды.
«Әдетте Хүйтэн шыңына шығу үшін 2-3 күн уақыт бөліп, жол бойындағы кемптерге қонатынбыз. Бұл жолы ауа райының қолайлы болуы және үшеуіміздің бірлесіп әрекет етуіміздің арқасында кемптерге тоқтамай, бірден шыңға көтеріліп, қайта түстік», — дейді Лашын.
Хүйтэн шыңы — Моңғолияның ең биік нүктесі, биіктігі 4374 метр. Ол Алтай Таван Богд тау жүйесіне кіреді. Бұл аймақ қатал климаты мен мәңгі мұздықтарымен ерекшеленеді.
Ағайындылардың айтуынша, бұл сапар тек тауды бағындыру ғана емес, отбасымен бірге сыннан өтіп, ортақ естелік қалдырған ерекше сәт болды.
Мазмұнға өту
