Әлем

Meta компаниясына 567 млн доллар айыппұл салынды

Сурет: Report

АҚШ-тың Нью-Мексико штатындағы сот Facebook пен Instagram желілерінің иесі Meta компаниясын кәмелетке толмағандардың психикалық денсаулығына зиян келтіргені үшін 567 млн доллар төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Reuters пен Associated Press деректеріне сүйенсек, бұл шешім компанияға қарсы сот процесінің екінші кезеңінде қабылданды. Жалпы соманың 420 млн доллары балалар мен жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсету бағдарламаларына жұмсалады. Қалған қаражат алдағы бес жыл ішінде ақпараттық науқандар, алдын алу шаралары, қауіп-қатерді анықтау қызметтері және басқа да іс-шараларға бағытталады.

Бұған дейін алқабилер сот процесінің бірінші кезеңінде Meta-ны 375 млн доллар айыппұл төлеуге міндеттеген еді. Олар компания өз платформаларының балалардың психикалық денсаулығына кері әсерін біле тұра, кәмелетке толмағандарды жыныстық қанаудан тиісті деңгейде қорғамаған деген қорытындыға келген.

Сот Meta-ға жас пайдаланушылардың қауіпсіздігін күшейту үшін қосымша шаралар енгізуді де міндеттеді. Олардың қатарында Facebook пен Instagram-да жасөспірімдердің пайдалану уақытын шектеу, хабарламаларды бақылауды күшейту, ересектердің кәмелетке толмағандармен олардың келісімінсіз байланысын болдырмау және жасанды интеллект негізіндегі чат-боттарға бақылауды күшейту бар.

Нью-Мексико штатының бас прокуроры Рауль Торрес бұған дейін Meta-ны жастар арасында тәуелділік тудыратын функциялар жасағаны және балаларды платформадағы қанаудан жеткілікті қорғамағаны үшін айыптаған болатын. Ал Meta компаниясы сот шешіміне шағым түсіретінін мәлімдеп, зиянды контентті жою және сервистердің қауіпсіздігін арттыру жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап өтті.

Еске салайық, маусым айында Meta сервистері істен шығып, желі пайдаланушылары жаппай шағымданған болатын.

Көп оқылғандар