Сурет: BFM.ru
18 маусымға қараған түні Мәскеу мен Мәскеу облысы қақтығыс басталғалы бергі ең ауқымды ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ондаған дрон Кремльден 14 шақырым жерде орналасқан Мәскеу мұнай өңдеу зауытына жеткен. Аталған кәсіпорын Мәскеу өңіріндегі бензиннің шамамен 40%-ын және дизель отынының 50%-ын қамтамасыз етеді.
Ресей астанасының мэрі Сергей Собянин қалаға жақындаған 194 дронның әуе қорғанысы күштері тарапынан атып түсірілгенін мәлімдеді. Ал Ресей Қорғаныс министрлігі бір түн ішінде елдің 17 өңірі аумағында 550-ден астам ұшқышсыз ұшу аппаратының залалсыздандырылғанын хабарлады.
Шабуыл салдарынан Капотня ауданындағы Мәскеу мұнай өңдеу зауыты мен «Садовод» сауда орталығына зақым келген. Сондай-ақ Мәскеудегі Внуково, Домодедово, Жуковский және Шереметьево әуежайларында рейстер кейінге шегеріліп немесе басқа бағыттарға ауыстырылды. Қазіргі уақытта әуежайлардың басым бөлігі қалыпты жұмыс режиміне қайта оралған.

