Сурет: ашық дереккөз
Конгода Эбола вирусының өршуінен 2 011 адам қайтыс болды. Ел билігінің мәліметінше, індет басталғалы бері вирусты жұқтырған 4 381 жағдай расталған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Аурудың өршуі қарулы қақтығыстар жалғасып жатқан елдің шығыс және солтүстік-шығыс аймақтарында тіркелді. Індет туралы ресми түрде 15 мамырда жарияланғанымен, сарапшылар вирус бұған дейін бірнеше апта бойы таралған болуы мүмкін екенін айтады.
Өлім-жітім деңгейі 45,9%-ға жеткен. Бұған дейінгі ең ауыр эпидемия 2018–2020 жылдары тіркеліп, шамамен 3 500 адам ауру жұқтырып, 2 300-ге жуығы көз жұмған.
Гуманитарлық ұйымдардың өкілдері вирустың таралуы оған қарсы қабылданып жатқан шаралардан әлі де жылдам екенін атап өтті. Індеттен зардап шеккен бес шығыс провинциясында медицина қызметкерлерінің бір бөлігі жалақы төленбегеніне байланысты ереуілге шыққан.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының вакцина жөніндегі сарапшылары Эболаға қарсы Ervebo вакцинасының адамдарға жүргізілетін ауқымды клиникалық сынақтарын бастауды ұсынды. Вакцина вирустың кең таралған Заир штамына қарсы қауіпсіз әрі тиімді екенін көрсеткен. Алдын ала зерттеулер оның қазір Конгода таралып жатқан Бундибугио штамынан да белгілі бір деңгейде қорғай алатынын көрсеткен.
Эбола вирусы биологиялық сұйықтықтармен тікелей байланыс арқылы беріледі және геморрагиялық қызба тудырады. Вирус алғаш рет 1976 жылы қазіргі Конго аумағындағы Эбола өзенінің маңынан анықталған.
Еске салайық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы эбола вирусымен күреске 518 млн доллар бөлгенін хабарлаған едік.
Бұған дейін Эбола вирусының таралу қаупі жоғары 10 елдің атауын жариялаған болатынбыз.
Айта кетейік, Оксфорд университетінің ғалымдары Эболаға қарсы жаңа вакцина әзірлеп жатқаны хабарланды.
Мазмұнға өту
