Әлем

Колумбияда магнитудасы 7,4 жер сілкінісі болды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Колумбияның батысында магнитудасы 7,4 болатын күшті жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпулері елдің бірнеше аймағында, соның ішінде Богота мен Медельинде сезілді. Жер сілкінісінің салдарынан ғимараттар зақымдалып, адамдар жарақат алған. Құтқару қызметтері зардаптарды анықтап, көмек көрсету жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

10 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 07:34-те Колумбияның батысында қуатты жер сілкінісі болды. АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметінше, оның магнитудасы 7,4-ке жеткен.

Жер сілкінісінің ошағы Чоко департаментіндегі Сан-Хосе-дель-Пальмар елді мекенінен шамамен 5 шақырым шығысқа қарай орналасқан. Жерасты дүмпуінің ошағы 107 шақырым тереңдікте болған.

Күшті дүмпу Колумбияның бірқатар өңірінде сезілді. Атап айтқанда, ел астанасы Боготада биік ғимараттардан адамдар қауіпсіздік мақсатында көшеге шығарылды. Дүмпулер елдің басқа ірі қалаларында да байқалған.

Ең көп зардап шеккен аймақтардың бірі Чоко департаментінің әкімшілік орталығы Кибдо қаласы. Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, қалада адамдар жарақат алған және бірқатар ғимаратқа айтарлықтай зақым келген. Құтқару қызметтері оқиға орнында жұмыс істеп, зардап шеккендерге көмек көрсетуде.

Жер сілкінісі көршілес елдерде де сезілген. Дүмпу Эквадор мен Венесуэланың кейбір аумақтарында байқалғаны хабарланды.

Колумбия билігі мен төтенше жағдайлар қызметтері ғимараттардың жағдайын тексеріп, жер сілкінісінің салдарын бағалауды жалғастырып жатыр. Мамандар ықтимал қайталама дүмпулерге байланысты жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Көп оқылғандар