Сурет: видеодан алынған кадр
Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі аумақтарға соққы беруді жалғастыруда. Al Jazeera телеарнасының хабарлауынша, ұшқышсыз ұшу аппараттары Набатия ауданына шабуыл жасаған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Шабуыл салдарынан кемінде 4 адам қаза тапты.
Иран билігі Израильдің әрекеттерін қатаң сынға алып, Ливанға қарсы әскери операциялар тоқтамаса, жауап қайтаратынын мәлімдеді.
Бұған дейін Иран мен АҚШ Пәкістанның арағайындығымен электронды форматта бейбіт келісімге қол қойған болатын. Құжатта барлық бағыттар бойынша, соның ішінде Ливан аумағындағы әскери қимылдарды тоқтату туралы тармақ қарастырылған. Алайда келісімге қарамастан, Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) шабуылдары жалғасуда.
Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, наурыз айының басынан бері Израиль шабуылдары салдарынан қаза тапқандар саны 3 700 адамнан асқан.
Еске салайық, Израиль мен Ливан 40 жыл үзілістен кейін келіссөзге келген болатын. Кейін атысты тоқтату режимі үш аптаға дейін ұзартылды. Ал Дональд Трамп Ливанға қарсы ықтимал әскери әрекет АҚШ пен Иран арасындағы келісімге әсер етпейтінін мәлімдеді.

