Спорт

Испания мен Аргентина әлем чемпионатының финалында кездеседі

Сурет: Depositphotos.com

2026 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы 20 шілдеге қараған түні белгілі болады. Финалда Испания құрамасы қазіргі әлем чемпионы Аргентинамен ойнайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласындағы New York – New Jersey стадионында өтеді. Ойын Қазақстан уақытымен сағат 00:00-де басталады. Тікелей эфирді Qazaqstan және Qazsport телеарналары көрсетеді. Студиялық бағдарлама 23:20-да, ал жабылу салтанаты мен финалдық матчтың трансляциясы 23:50-де басталады.

Испания бұл турнирде әлі жеңілген жоқ. Плей-офф кезеңінде олар Австрияны (3:0), Португалияны (1:0), Бельгияны (2:1) және Францияны (2:0) ұтып, финалға жолдама алды. Аргентина әлем чемпионатындағы 7 матчтың бәрінде жеңіске жетті. Команда Кабо-Вердені қосымша уақытта 3:2 есебімен ұтса, Египетке қарсы ойында 0:2 есебінен кейін камбэк жасап, 3:2 есебімен жеңді. Кейін Швейцарияны 3:1 есебімен тізе бүктірді.

Финалда турнирдің ең нәтижелі шабуылы мен ең сенімді қорғанысы кездеседі. Аргентина жеті матчта 19 гол соқса, Испания небәрі бір ғана гол жіберген. Испанияның жеңіліссіз сериясы 37 матчқа жетті. Аргентина жеңіске жетсе, 1962 жылдан бері әлем чемпионатының титулын қорғаған алғашқы құрама болады. Бұған дейін мұндай жетістікке Бразилия 1958 және 1962 жылдары жеткен. Сонымен қатар аргентиналықтар әлем чемпионы атағын төртінші рет иеленеді.

Испания болса, 16 жылдан кейін алғаш рет финалға шықты. Команда бұған дейінгі жалғыз әлем чемпиондығын 2010 жылы жеңіп алған. Егер финалда жеңсе, испандар тарихындағы екінші әлем кубогын иеленеді. Әлем чемпионаттары тарихында Испания мен Аргентина бір-ақ рет кездескен. 1966 жылы топтық кезеңде Аргентина 2:1 есебімен жеңіске жеткен.

Көп оқылғандар