Әлем

Иран Ормуз бұғазын ашу үшін АҚШ-қа жаңа талаптар қойды

Сурет: resonance.ua

Тегеранның талаптары Иранның мемлекеттік БАҚ-ы жариялаған Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің мәлімдемесінде қамтылған. Иран соғысты тоқтатуды талап етумен қатар, АҚШ-тың Ислам Республикасына және оның одақтастарына енді ешқашан қауіп төндірмеуін сұрайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұған қоса, АҚШ Иран порттарының теңіз қоршауын алып тастап, қарулы күштерін осы өңірден шығаруы тиіс. Сондай-ақ Вашингтон соғыс салдарынан Иранға келтірілген шығынды толық өтеуге, санкциялар мен бұғатталған активтерге қойылған шектеулерді алып тастауға міндетті.

Иранның мәлімдемесіне АҚШ үкіметі әзірге жауап берген жоқ. Бұған дейін Тегеран бұл талаптарды АҚШ-пен Иранның ядролық бағдарламасын да қамтитын ұзақ мерзімді келісім жасасудың шарттары ретінде ұсынған еді. Алайда қазір аталған талаптар Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандыруға ғана қатысты келісімнің шарттарына айналып отыр.

Жуырда Иран да, АҚШ та Ормуз бұғазы арқылы еркін кеме қатынасын қалпына келтіру туралы келісім жақын арада жасалатынын мәлімдеген. Иран Парсы шығанағының қарама-қарсы жағалауында орналасқан Оманмен кемелердің бұғаздан өту тәртібін реттеу мәселесі бойынша тікелей келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады. Екі ел де келісімнің жасалуына аз қалғанын мәлімдеген.

Осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жоспарланған ауқымды әскери соққыны бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкіндігі үшін тоқтатқанын мәлімдеді.

Көп оқылғандар