Сурет: ДДҰ
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропа өңірі бойынша аймақтық директоры Ханс Клюге Қазақстан Президентінің алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын көтеру туралы шешімін қолдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бельгия оны ұйымның Бас директорлығына кандидат ретінде ұсынған. Өз бағасын ол X әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялады. Клюге күн сайын емханаларда науқастарды қабылдайтын дәрігерлер мен медбикелерге ерекше назар аударды.
«Алғашқы медициналық-санитариялық көмектің мықты жүйесі медицина қызметкерлерін қолдаудан басталады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау саласының бастапқы буынын кадрлық тұрғыдан нығайту туралы шешімін шын жүректен құптаймын. Бұл – халыққа барынша жақын жұмыс істейтін мамандарға, яғни жалпы практика дәрігерлеріне, медбикелерге және алғашқы медициналық-санитариялық көмектің басқа да қызметкерлеріне салынған инвестиция. Олар аурулардың алдын алуға, қауіп-қатерлерді ерте кезеңде анықтауға, созылмалы аурулары бар науқастарды бақылауға және медициналық көмектің үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз етуге көмектеседі», деп жазды Клюге.
Мемлекет басшысы 28 қазанда «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Сөзінің бір бөлігі алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесіне арналды.
«Үкіметке 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмектің учаскелік қызметі мамандарының үздіксіз еңбек өтіліне қарай жалақысын 40 пайызға дейін көтеруді тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам адамның табысын арттыруға мүмкіндік береді», деді Президент.
Учаскелік қызметке терапевтер, медбикелер, акушер-гинекологтер, акушерлер және фельдшерлер кіреді. Жалақының қаншалықты өсетіні маманның үзіліссіз еңбек өтіліне байланысты болады.
Ханс Клюге Президенттің бұл шешімін Қазақстанды әлемдік денсаулық сақтау тарихының маңызды бөлігіне айналдырған тарихи оқиғамен байланыстырды.
«Бұл қадамдардың 2028 жылы атап өтілетін алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі Алматы декларациясының 50 жылдығы қарсаңында жүзеге асырылып жатқаны ерекше қуантады. Дәл осы Қазақстанда 1978 жылы әлем елдері алғашқы медициналық-санитариялық көмекті баршаға қолжетімді денсаулықтың негізі деп жариялады. Ал 2018 жылы Астанада бұл ұстанымға деген адалдық қайта расталды», деп атап өтті Клюге.
Жазбасының соңында ол Қазақстанға қолдау білдіріп, қазақ тілінде «Іске сәт, Қазақстан!» деп тілек білдірді.
Айта кетейік, Президент Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды.
Мазмұнға өту
