Әлем

Халықаралық іздеудегі күдікті Кореядан Қазақстанға жеткізілді

Сурет: ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігі Интерполдың қолдауымен халықаралық іздеуде жүрген Ұлан Мұхтарұлы Байболовты Корея Республикасынан Қазақстанға қайтарды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тергеу деректеріне сәйкес, ол салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жүйелі түрде жалтарған ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болған.

Тергеу нұсқасы бойынша, топ кәсіпорындарды сатып алып, оларды жалған басшылардың атына қайта тіркеген. Кейін бұл компаниялардың банк шоттары арқылы қаржылық операциялар жүргізіліп, салық есептілігіне көрінеу бұрмаланған мәліметтер енгізілген. Содан соң қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Тергеу барысында аталған схемаға қатысы бар кәсіпорындардың бірі «Сфера» ЖШС болғаны анықталған. 2014 жылы Ұлан Байболов осы серіктестіктің директорының орынбасары қызметіне тағайындалған.

Агенттіктің мәліметінше, топ мүшелері серіктестіктің есеп айырысу шоттарынан 2,5 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұдан бөлек, қосымша есептелген салық көлемі 1 млрд теңгеден асқан.

Сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазір тергеу жалғасып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, іс бойынша өзге ақпарат жарияланбайды. Күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.

Еске салайық, Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мён алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топты ұстауға қолдау білдіргені үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.

Айта кетейік, жақында блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды. Сондай-ақ ірі көлемде алаяқтық жасаған Қазақстан азаматы Грузиядан елге қайтарылды.

Көп оқылғандар