Әлем

Грузия Әзербайжан және Армения шекарасына дейін жаңа автобан салады

Сурет: Александр Павский/ Kazinform

Грузия Рустави — Красный мост және Алгети — Садахло автомагистральдарының учаскелерін салуға арналған халықаралық тендерлерді қайта жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Жоба аясында жалпы ұзындығы 61,2 шақырым болатын төрт жолақты автомагистраль салынады.

Жаңа жол Грузияның жол желісін Әзербайжанмен шекарадағы «Красный мост» бақылау-өткізу бекетімен, сондай-ақ Армениямен шекарадағы Садахло бағытымен байланыстырады. Автомагистраль халықаралық Шығыс — Батыс және Солтүстік — Оңтүстік көлік дәліздерінің бір бөлігіне айналады.

Жоба шеңберінде 26 көпір, 11 жолайрық және жол қозғалысы қауіпсіздігінің халықаралық талаптарына сай сыртқы жарықтандыру жүйесі салынады. Құрылыс жұмыстары Еуропалық инвестициялық банктің несиесі және Грузия мемлекеттік бюджетінің бірлескен қаржыландыруы есебінен жүзеге асырылады. Жобалық құжаттаманы Дүниежүзілік банктің қолдауымен Нидерланд компаниясы әзірлеген.

Бұған дейін Грузияның Автомобиль жолдары департаменті алғашқы конкурс күшін жойғаннан кейін аталған жоба бойынша халықаралық тендерлерді қайта жариялаған болатын.

Көп оқылғандар