Әлем

Ғалымдар Күн бетіндегі Кельвин-Гельмгольц құбылысын алғаш рет бақылады

Сурет: ашық дереккөз

Ғалымдар Күннің фотосферасында бұрын тек теория жүзінде сипатталған Кельвин-Гельмгольц тұрақсыздығын алғаш рет егжей-тегжейлі бақылап, оның бұралаң құйын тәрізді құрылымдарын түсірді. Бұл жаңалық Күн мен басқа жұлдыздардағы плазма қозғалысы мен энергия алмасуын түсінуге жол ашуы мүмкін, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Зерттеу нәтижелері АҚШ Ұлттық ғылым қорының Ұлттық күн обсерваториясының сайтында және Nature журналында жарияланды.

Халықаралық зерттеушілер тобы Иноуэ күн телескопының көмегімен Күннің фотосферасынан ұсақ әрі айналып тұрған құйынға ұқсас өрнектерді анықтады. Ғалымдар олардың Кельвин-Гельмгольц тұрақсыздығының белгісі екенін сандық модельдер арқылы растады.

Бұл құбылысты алғаш рет британдық физик лорд Кельвин мен неміс ғалымы Герман фон Гельмгольц шамамен 1870 жылы сипаттаған. Ол әртүрлі жылдамдықпен қозғалатын екі сұйықтық немесе газ қабаты түйіскен кезде пайда болады. Қабаттар арасындағы жылдамдық айырмашылығы шекарада толқын тәрізді, кейін спиральға ұқсайтын құйындардың түзілуіне әкеледі.

Кельвин-Гельмгольц тұрақсыздығы бұған дейін гидродинамика, метеорология, мұхиттану және астрофизика сияқты түрлі салаларда зерттелген. Мұндай құбылысты Жердегі су айдындарынан, бұлттардан, сондай-ақ Юпитер мен Сатурн атмосферасынан да байқауға болады.

Ғалымдардың айтуынша, Күннің фотосферасынан анықталған құйындар оның магнит өрісінің динамикасында маңызды рөл атқаруы мүмкін. Олар магнит өрісінің сызықтарын бұрап, энергияның Күн атмосферасының жоғарғы қабаттарына тасымалдануына ықпал етуі ықтимал.

Зерттеушілер бұл тұрақсыздық Күннің сыртқы атмосферасының не себепті өте жоғары температураға дейін қызатынын түсіндіретін маңызды факторлардың бірі болуы мүмкін деп санайды.

Күннің магниттік энергиясы алаулар мен плазманың қуатты атқылауларын тудырады. Мұндай белсенділік Жерге жеткен жағдайда спутниктердің жұмысына, электр желілеріне және басқа да технологияларға әсер етуі мүмкін.

Еске салайық, Оңтүстік Кореяда өздігінен киілетін роботтандырылған киім таныстырылды. Оны Кореяның ғылым және технологиялар институты мен Стэнфорд университетінің зерттеушілері жасады.

Көп оқылғандар