Әлем

Германиядағы аптап ыстықтан 5 мыңнан астам адам қаза тапты

Сурет: Florian Gaertner/photothek.de

Маусым айында Германиядағы аптап ыстық салдарынан шамамен 5,1 мың адам қайтыс болды. Роберт Кох институтының ғалымдары мұндай ауа райы әлі де көп адамға қауіп төндіретінін болжап отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Институттың 9 шілдеде жарияланған модельдік есептеріне сәйкес, маусымдағы экстремалды ыстықтан шамамен 5 100 адам көз жұмған. Оның ішінде маусымның соңғы аптасында 4,3 мыңнан астам адам қайтыс болған.

Зерттеушілердің айтуынша, аптап ыстықтың нақты зардабы бұдан да ауыр болуы мүмкін. Германияның федералдық статистика басқармасының бағалауынша, ең ыстық апта 22–28 маусым аралығында болып, өлім көрсеткіші 6,8 мыңды құраған.

Маусымның соңғы аптасында тіркелген +41°C-тан жоғары температура Оңтүстік Еуропа үшін қалыпты құбылыс саналғанымен, Германия үшін бұл рекордтық көрсеткіш болды.

Copernicus климаттың өзгеруін бақылау қызметінің (C3S) мәліметінше, 2026 жылдың маусымы Батыс Еуропадағы ең ыстық маусым болды. Өңірдегі орташа температура 20,86°C-қа жетіп, 1991–2020 жылдардағы маусым айының орташа көрсеткішінен шамамен 3 градусқа жоғары болған.

Айта кетейік, Германияда бір күнде екінші рет температура рекорды тіркелді. Сондай-ақ елде аптап ыстық салдарынан ормандар өртеніп жатыр.

Көп оқылғандар