Қаржы

Газ саласында 24,1 млрд теңгеге заңбұзушылық анықталды

Сурет: depositphotos.com

Қазақстанның газ саласында 24,1 миллиард теңгеге қаржылық заңбұзушылық тіркелді. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен отырыста газ саласын дамытуға жұмсалатын ұлттық ресурстардың тиімділігіне жасалған мемлекеттік аудиттің қорытындысы қаралды. Тексеру ішкі нарықты тауарлық газбен қамтамасыз ету, ресурс базасын дамыту, инвестициялық жобалар, өңірлерді газдандыру және газ тасымалдау инфрақұрылымының жай-күйін қамтыды.

Аудиторлардың дерегінше, елдегі газ қоры 3,8 триллион текше метрді құрайды. 2022-2025 жылдары жалпы өндіріс көлемі 239,5 миллиард текше метрге жеткен. Алайда ішкі нарыққа арналған тауарлық газ өндірісі халық пен экономиканың сұранысына сай баяу өсіп отыр.

Ішкі нарық шектеулі топтағы жер қойнауын пайдаланушыларға тәуелді күйінде қалып отыр. Сондай-ақ жеткізілетін газдың сапасына қатысты мәселелер де аталды: талапқа сай келмейтін газ компрессорлық жабдықтардың тозуын тездетіп, ұлттық операторды экспортта жеңілдік жасауға мәжбүрлейді.

Ұлттық оператор кәсіпорындары 20 мың шақырымнан астам магистральдық газ құбыры мен шамамен 77 мың шақырым газ тарату желісін пайдаланады. Инфрақұрылымның едәуір бөлігі бұрын салынған және нормативтік пайдалану мерзімінен асқан, ал жаңғырту мен жөндеу қарқыны жеткіліксіз деп бағаланды.

Стратегиялық жоспарлаудың өзара үйлеспеуі де ерекше аталды. Саланы дамыту жоспарлары ішкі тұтынудың өсуі, ресурс базасын кеңейту және жаңа өңдеу қуаттарын іске қосу арасындағы байланысты қамтамасыз етпейді. Құжаттарда геологиялық барлауды ынталандыру, жерасты газ қоймаларын дамыту, цифрландыру және тәуекелдерді басқару бойынша нақты көрсеткіштер мен шаралар жеткіліксіз.

2025 жылдың қорытындысы бойынша 13,1 миллион адам табиғи газбен қамтамасыз етілген. Халықты газдандыру деңгейі 64,2 пайызға жетіп, газ тартылған елді мекендер саны 2 240-ты құраған. Аудиторлар өңірлер арасындағы теңгерімсіздікті жою және салынған нысандарды пайдаланушы ұйымдардың теңгеріміне уақтылы беруді бақылауға алу қажеттігін атап өтті.

Аудит қорытындысы бойынша қаржылық заңбұзушылықтар 24,1 миллиард теңге, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану 18,2 миллиард теңге болып анықталды. Тексеру барысында бюджетке 59,4 миллион теңге қайтарылды, тағы 20,2 миллиард теңге есепке алу арқылы және тиісті жұмыстарды орындау есебінен қалпына келтірілді.

Жоғары аудиторлық палата аудит нысандарына анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде тапсырмалар жолдады, олардың орындалуы толық аяқталғанға дейін бақылауда болады. Газ саласын басқаруды жетілдіру, ресурс базасын нығайту және инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ұсынымдар да әзірленді.

Көп оқылғандар