Сурет: Egemen Qazaqstan
АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы (ФБР) Аргентина футбол қауымдастығының (AFA) қаржылық операцияларына қатысты тергеуді қайта жандандырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
La Nacion басылымының мәліметінше, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты кезінде ФБР агенттері АҚШ аумағында AFA-ның қаржылық операциялары бойынша куәгерлерден жауап ала бастаған. Журналистердің жазуынша, AFA қаржы жүйесі арқылы жүздеген миллион доллар өткізілген. Тергеушілердің болжамынша, бұл қаражаттың бір бөлігі ықтимал қылмыстық әрекеттермен байланысты болуы мүмкін.
Материалда TourProdEnter LLC компаниясы AFA-дан кемінде 260 млн АҚШ доллары көлемінде табыс алғаны айтылады. Алайда La Nacion зерттеген банк құжаттарына сәйкес, бұл қаржының тек бір бөлігін ғана ұйымның нақты операциялық шығындарымен байланыстыруға болады.
Тергеу алғаш рет 2024 жылы басталған. Сол кезде ФБР компания басшылығы мен AFA жетекшілері арасындағы байланыстар қылмыстық іс қозғауға жеткілікті негіз емес деген қорытындыға келген. Кейін журналистер Флорида штатында қаржылық, банктік және корпоративтік операциялардың тұтас желісін анықтаған. Осыған байланысты тергеу қайта жанданған.
Басылым ФБР-дің бұл тергеуі 2026 жылғы әлем чемпионатындағы ойындармен немесе Аргентина құрамасының ширек финалға шығуымен байланысты емес екенін атап өтеді. Тергеудің қайта жандануы тек уақыт жағынан сәйкес келген.
Аргентина 1/8 финалда Египетті 3:2 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алған болатын. Матчтан кейін Египет құрамасының бас бапкері кездесудің нәтижесі «алдын ала ұйымдастырылған» деген пікір білдірді. Кейін Египет футбол қауымдастығы төрешілердің әрекетіне байланысты ФИФА-ға шағым түсірді. Олар даулы голдың есепке алынбауы, пенальти белгіленбеуі және бірқатар төрелік шешімдер әділ болмағанын мәлімдеді.
Мазмұнға өту
