Сурет: Egemen Qazaqstan
Әлемге танымал «Euronews» телеарнасы қазақ тілінде халықаралық жаңалықтар таратуды ресми түрде іске қосты. Қазақ тілі алып медиажелінің 14-негізгі хабар тарату тілі болып қатарға енді. Бұл – Орталық Азиядағы «Euronews» тілдік желісіне енген алғашқы тіл, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жобаны Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Қанат Ысқақов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында таныстырды. Вице-министр бұл бастаманы отандық медиа сала мен мемлекет дамуындағы маңызды оқиға деп бағалады.
– Біз нағыз тарихи сәтке куә болып отырмыз. «Euronews» халықаралық ақпараттық телеарнасы өз жаңалықтарын енді қазақ тілінде де тарата бастайды. Бұл телеарна әлемнің алдыңғы қатарлы, жетекші БАҚ-тарының қатарына кіреді. Сондықтан бұл жайт – біз үшін үлкен мәртебе, – деді Қ.Ысқақов.
«Euronews» Орталық Азия тілдері ішінде хабар таратуды алдымен қазақ тілінен бастап отыр. Бұған дейін арна еліміз аумағында орыс тілінде ғана телеөнім дайындап келген. Енді телеарна өзінің интернет арнасында қазақ тілінде сұхбат құрып, өзге де жобаларын ұсынбақ.
Вице-министр «Euronews» телеарнасының қазақ тілінде жаңалықтар тарату бастамасы жаңа Конституцияның күшіне енген сәтімен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол «Euronews»-тің 2024 жылы іске кіріскен елдегі штабын тек тілшілер пункті емес, Орталық Азиядағы ақпараттық хаб деп санауға болатынын айтты.
Баспасөз мәслихатына «Euronews» директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид мырза да қатысып, қазақ тілінің дамуына жоғары баға беріп, халықаралық арнаның мемлекеттік тілде хабар таратуының маңызын ерекше атап өтті. Ол Қазақстанға 13-14 жылдан бері келіп жүргенін, елдің дамуына тәнті екенін жеткізді.
«Euronews Astana» бюросының басшысы Боян Бркич телеарнаның енді елімізді әлемге таныстыратынын мәлімдеді.

