Сурет: primeminister.kz
Қазақстанда энергетикалық кешенді алдағы жылыту маусымына дайындау жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Биыл электр стансаларын, электр және жылу желілерін жөндеуге 384 млрд теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға артық. Жұмыстар бекітілген кестеге сай жүргізіліп, генерация мен инфрақұрылымның негізгі нысандарын қамтиды. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
«Биылғы жылға электр стансаларында 9 энергия блогын, 55 қазандық пен 51 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 3 энергия блогында, 33 қазандық пен 24 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ өңірлік электржелілік компаниялардың электр желілерінде жалпы ұзындығы 17,1 мың шақырым электр беру желілері мен 444 қосалқы стансаны жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда электр беру желілерінің 91%-ы және қосалқы стансалардың 84%-ы жөндеуден өтті. Жылумен жабдықтау желілерінде 377 шақырым жылу желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның 246 шақырымы немесе 65%-ы аяқталды», – деді ол.
Министр энергожүйе жұмысының сенімділігін арттырудағы оң динамиканы да атап өтті. Осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар саны 5,6%-ға азайған. Энергия көздерінің отын қоймаларында 4,2 млн тонна көмір жинақталған, сондай-ақ 137 мың тонна мазут қоры дайындалған. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға жоғары.
Министрлік қыркүйек айынан бастап көлемі 255 мың тонна болатын «әлеуметтік» мазут жеткізу кестесін бекітті.
Жуырда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қарағанды облысына іссапарында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының қызметі мен өңірдің алдағы жылыту маусымына дайындығын тексерді.
