Сурет: Egemen Qazaqstan
Қазақстанда ауыл шаруашылығына ядролық технология енгізіледі. Бұл бастама егіншілік пен мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) бірлесіп, аграрлық секторда ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалану жобасын іске асырады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жоба аясында радиациялық мутация арқылы өнімділігі жоғары және ауруға төзімді дақылдар шығару жоспарланған. Сондай-ақ мал азығын консервілеу және зиянкестермен күресу әдістері де қарастырылған.
«Біз ядролық технологияны ауыл шаруашылығында қолдану арқылы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл – экологиялық таза әрі тиімді әдіс», – деді Ұлттық ғылым академиясының өкілі.
Пилоттық жобалар Батыс Қазақстан облысында сынақтан өтуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, бұл технология өңірдің ауыл шаруашылығына тың серпін береді.
Жобаның алғашқы нәтижелері 2026 жылға қарай күтілуде.

