Сурет: Reuters
Анкарада өткен НАТО саммитінен кейін АҚШ президенті Дональд Трамп одақтастарға қатысты ұстанымын жұмсартып, жиынның сәтті өткенін атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жабық форматтағы кездесуден соң БАҚ өкілдеріне пікір білдірген Ақ үй басшысы саммит барысында ұйымға мүше 32 ел арасында жоғары деңгейдегі ынтымақтастық қалыптасқанын айтты.
«Бұл шын мәнінде ерекше кездесу болды. Саммит өте табысты өтті», деді АҚШ президенті.
Саммит қорытындысы бойынша қабылданған декларацияда НАТО елдері Солтүстік Атлантика шартының 5-бабында көрсетілген ұжымдық қорғаныс қағидатына адалдығын тағы бір мәрте растады. Кездесуде Дональд Трамп АҚШ-тың НАТО құрамында қалуға ниетті екенін айтып, одақтастарды қолдайтынын жеткізді.
Саммит барысында Еуропа елдерінің басшылары қорғаныс шығындарын едәуір арттыруға дайын екенін мәлімдеп, қауіпсіздікке қатысты жауапкершілікті күшейтуге ниетті екенін танытты. Германия канцлері Фридрих Мерц бұл кездесудің НАТО-ның бірлігі мен Еуропаның қорғаныс әлеуетін нығайтуға ықпал еткенін атап өтті.
Еске сала кетейік, саммит басталар алдында Дональд Трамп НАТО-дағы серіктестерін Иранға қатысты АҚШ-тың ұстанымын қолдамағаны үшін сынға алған болатын. Сонымен қатар ол Испанияға қатысты сауда шектеулерін енгізуі мүмкін екенін айтып, Дания құрамындағы Гренландияға қатысты талабынан бас тартпайтынын мәлімдеді. Жиын алдында Ақ үй басшысы Иранмен арадағы бітімнің аяқталғанын айтты.
Мазмұнға өту
