Сурет: istockphoto.com
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Қазақстанда кальян мекемелеріне қойылған шектеулерді жеңілдету туралы ұсыныстарға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұйым мұндай бастамалардың қоғамдық денсаулыққа тигізер залалын ескеру қажеттігін атап өтті. ДДҰ экономикалық өсімді, кәсіпкерлікті қолдауды және жаңа жұмыс орындарын ашуды қолдайтынын, бірақ темекі өнімдерін реттеуде халық денсаулығын қорғау басты назарда болуы керектігін ескертті.
ДДҰ кальянның жастар арасында кеңінен таралуына алаңдаушылық білдірді. Ұйымның пікірінше, хош иістендірілген темекі, әлеуметтік желілердегі жарнама және кальян мәдениетінің демалыс түрі ретінде насихатталуы жастардың никотин өнімдерін тұтынуына ықпал етеді.
Қазақстандағы ДДҰ өкілі Скендер Сыланың айтуынша, кальянды темекінің қауіпсіз баламасы ретінде қабылдауға болмайды. «Көпшілік кальянды темекіге қарағанда қауіпсіз балама деп қате қабылдайды. Алайда кальян – темекі өнімі, ал ғылыми дәлелдер оның түтінінде көміртек тотығы, ауыр металдар және полициклді ароматты көмірсутектер сияқты улы әрі қатерлі ісік тудыратын заттардың бар екенін анық көрсетеді», деді ол.
ДДҰ Қазақстанның темекіге қарсы саясаттағы көшбасшылығын жоғары бағалап, халық денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстарға қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

