Categories Әлем

Даляньдағы диалог: инновацияға негізделген әріптестік

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қытайдың Далянь қаласында өткен «Жазғы Давос» дүниежүзілік экономикалық форумында жаһандық экономиканың келешегі, цифрландыру, жасанды интеллект пен инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Форумда Премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар мемлекет және халықаралық ұйым өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Далянь қаласы әлемдік саясаткерлер мен бизнес көшбасшыларын жинады. Дүниежүзілік экономикалық форумның жаңа чемпиондарының XVII кездесуіне ондаған елдің үкімет басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, ірі компаниялар мен сарапшылық қауымдастық өкілдері қатысты.

Форумның негізгі тақырыптары технологиялық жаңғыру, жасанды интеллект, цифрлық экономика, инвестиция мен әлемдік өсімнің жаңа көздерін іздеуге арналды. Премьер-министр Олжас Бектенов форум аясында Моңғолия Премьер-министрі Ням-Осорын Учралмен кездесті.

Келіссөздерде сауда, өнеркәсіп кооперациясы, тау-кен металлургиясы, көлік-логистика, агроөнеркәсіп, цифрландыру және ғарыш технологиялары салаларындағы ықпалдастық мәселелері қаралды. Тараптар Моңғолия Президентінің биылғы сәуірдегі Астанаға мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылады. Екі ел басшылары қойған өзара сауда көлемін 500 млн долларға жеткізу міндеті де назардан тыс қалған жоқ. Кездесу қорытындысында екі мемлекет экономиканың барлық маңызды бағыттарында байланыстарды нығайтуға дайын екенін растады.

Даляньдағы келіссөздердің тағы бір бағыты Оңтүстік Азия өңірімен байланысты болды. Бангладеш Халық Республикасының Премьер-министрі Тарик Рахманмен өткен кездесуде сауда, инвестиция, көлік және цифрлық технологиялар мәселелері сөз болды. Олжас Бектенов елімізде жүргізіліп жатқан реформалар инвестициялық ахуалды жақсартып, халықаралық әріптестікке жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын жеткізді. Кездесу барысында экономиканың басым секторларында жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға өзара қызығушылық білдірілді.

Форум аясындағы маңызды кездесулердің бірі Дүниежүзілік экономикалық форумның президенті әрі бас директоры Алоис Цвингимен өтті. Тараптар цифрлық трансформация, жасанды интеллект, инвестиция тарту мен адам капиталын дамыту бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қазақстан тарапы форуммен ұзақмерзімді сараптамалық әріптестік орнатуға мүдделі екенін білдірді. Сондай-ақ «Бәйтерек» холдингі арқылы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылды.

Кейінгі жылдары еліміз шетелдік капитал тарту бағытында бірқатар жүйелі қадам жасады. Инвесторларға арналған қолдау тетіктері кеңейтілді, арнайы визалық режімдер енгізіліп жатыр, салықтық және кедендік жеңілдіктер қолданылады. Жобаларды сүйемелдеу «бір терезе» қағидатына негізделген.

Даляньдағы кездесулер еліміздің халықаралық экономикалық байланыстарды әртараптандыруға, жаңа нарықтарға шығуға әрі технологиялық серіктестікті күшейтуге ұмтылысын тағы бір мәрте көрсетті. Бүгінде жаһандық бәсеке инвестиция көлемімен ғана емес, инновация мен білімге негізделген әріптестік сапасымен де өлшенеді. Еліміз дәл осы бағыттағы ұстанымын халықаралық алаңда айқын танытып отыр.

Ұқсас жазбалар

Францияда Эбола вирусын жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді

Францияда Эбола вирусын жұқтырудың алғашқы жағдайы анықталды. Науқас – Конго Демократиялық Республикасындағы гуманитарлық миссиядан оралған…

Босния және Герцеговина Қатарды жеңді, бірақ плей-оффқа шығу әлі белгісіз

Босния және Герцеговина Қатарды 3:1 есебімен жеңді, бірақ топтық кезеңде үшінші орында қалып, плей-оффқа шығу…

Францияда Эбола вирусын жұқтырған алғашқы жағдай тіркелді

Францияда Эбола вирусын жұқтырған алғашқы жағдай тіркелді. Инфекция Конгоға гуманитарлық сапармен барып қайтқан дәрігерден анықталған.