Categories Әлем

БҰҰ форумында жасанды интеллект пен қоғамдық мүдде тепе-теңдігі талқыланды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Тбилисиде 40-тан астам мемлекеттік қызметші мен сарапшы қатысқан өңіраралық семинар өтті. Іс-шара «Мемлекеттік басқарудағы жасанды интеллект: тиімділік пен қоғамдық мүдде арасындағы тепе-теңдік» тақырыбына арналды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қатысушылар есеп беру, ашықтық, инклюзивтілік және адамның жетекші рөлін сақтай отырып, ЖИ мемлекеттік сектор тиімділігін қалай арттыра алатынын талқылады. Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов адам мен ЖИ қатар өмір сүретін дәуір мемлекеттік басқаруды жетілдіруде жаңа мүмкіндіктер беретінін айтты. Ол ЖИ қарқынды дамуы ашықтық, деректерді қорғау, адам құқықтарын сақтау және этикалық қағидаттарға ерекше назар салуды қажет ететінін атап өтті.

Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігіне қарасты ЖИ үкіметі офисі директоры Джинхон Сим «ЖИ-демократиялық үкімет» тұжырымдамасын таныстырды. Бұл тұжырымдамада ЖИ технология ретінде ғана емес, азаматтар өмір сапасын арттыру және ашық, жауапты мемлекет қалыптастыру құралы ретінде қарастырылған.

Грузия әділет министрі орынбасары Тамар Зоделава, Бангладеш Пошта, телекоммуникациялар және ақпараттық технологиялар министрі Факир Махбуб Анам және БҰҰ Даму бағдарламасының Грузиядағы Тұрақты өкілі Дуглас Уэбб қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді.

Семинарда Корея Республикасы ішкі істер мен қауіпсіздік министрлігі, БҰҰ экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаменті, Дүниежүзілік банк, Халықаралық электр байланысы одағы және Румынияның ұлттық информатика саласындағы зерттеулер институты өкілдері тәжірибелерімен бөлісті. Олардың презентациялары ЖИ басқару, есеп беру, цифрлы қоғамдық инфрақұрылым және сенімді ЖИ қолдану үрдістеріне арналды.

Интерактивті пікір алмасу кезінде қатысушылар ЖИ енгізумен байланысты мүмкіндіктер мен сынақтар туралы ой бөлісті. 12 мемлекет өкілдері ұлттық тәжірибелерін баяндады.

Әлихан Бәйменов Бангладеш, Камбоджа, Филиппин және Лаос өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді. Сондай-ақ ол БҰҰ мен Еуропа Кеңесінің өкілдерімен жүздесіп, цифрлық мемлекеттік басқару саласында ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Семинарды Астана мемлекеттік қызмет хабы, Қазақстандағы БҰҰДБ, Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі және Корея Республикасы Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігі Грузия Әділет министрлігімен серіктестікте ұйымдастырды. Іс-шара өңіраралық жоба аясында өткізіліп жатыр. Жоба 2024-2026 жылдарға арналған және 12 елдегі мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін арттыруға бағытталған.

Ұқсас жазбалар

АҚШ пен Иран атысты тоқтату келісіміне қарамастан қайта соққы алмасты

АҚШ пен Иран атысты тоқтату келісіміне қарамастан, бір-біріне тағы да соққы жасады. АҚШ Орталық қолбасшылығы…

Израиль мен Ливан АҚШ арағайындығымен келісімге қол қойды

Израиль мен Ливан АҚШ-тың арағайындығымен негіздемелік келісімге қол қойды. Бастапқы кезеңде Израиль Ливан аумағынан әскерін…

Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 920-ға жетті

Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 920-ға жетіп, 50 000 адам із-түзсіз жоғалды.