Бразилияда дәрігерлер қайтыс болды деп есептеп, мәйітханаға жіберген 88 жастағы ер адам жерлеу бюросында есін жиды. Оқиға елдің оңтүстік-шығысындағы Белу-Оризонти қаласында болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қарт адамды ауруханаға жатқызған дәрігерлер оның жүрегі тоқтап, қайтыс болды деп шешіп, денені жерлеу бюросына жөнелткен. Алайда мәйітхана қызметкерлері дене қозғалғанын байқап, дереу жедел жәрдем шақыртқан.
«Біз оны мәйітханаға әкелгенде, оның тыныс алып жатқанын көрдік. Бірден дәрігерлерді шақырдық», — деді жерлеу бюросының қызметкері.
Қазір қария аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр, дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Бұл оқиға Бразилияда денсаулық сақтау жүйесіндегі олқылықтарды тағы да көтерді.

