Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысының прокуратурасында қылмыстың алдын алу және құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған ведомствоаралық кеңес өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жиынға облыс әкімі Нариман Түрегалиев, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Кеңесті облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы басқарды.
Қатысушылар халық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселелер кешенін қарастырды. Олардың қатарында көшелерді жарықтандыру, балалар инфрақұрылымы нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бейнебақылау жүйелерінің үздіксіз жұмысы, мал ұрлығының алдын алу және ауыл шаруашылығы малдарын жаюды ұйымдастыру, сондай-ақ жалпы құқық бұзушылық деңгейін төмендету бар.
Облыс әкімі профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, әр ауылдық округтің криминогендік паспортын жағдайды талдау және қылмыс жиі тіркелетін учаскелер мен анықталған қауіп факторлары бойынша жүйелі жұмыс жүргізу үшін практикалық құрал ретінде пайдалану тапсырылды.
Өңір басшысы бизнестің қауіпсіз және жайлы қалалық орта құрудағы рөліне жеке тоқталды.
– Оралда бизнес өкілдері тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта құруға белсенді қатысуда. Бүгінде кәсіпкерлердің қолдауымен қаланың 12 қоғамдық кеңістігінде құрылыс және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Олардың кейбіреуі тұрғындарға тапсырылды. Бұл тәжірибені аудандар мен ауылдық елді мекендерде де кеңінен қолдану қажет, – деді облыс әкімі.
Кеңес барысында Жәнібек және Қазталов аудандарының әкімдері, сондай-ақ жергілікті полиция бөлімшелерінің басшылары баяндама жасады.
Мал ұрлығының алдын алуға ерекше көңіл бөлінді. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне мал жаюды ұйымдастыру, оларды міндетті түрде сәйкестендіру және таңбалау, жарық шағылыстырғыш элементтерді орнату жұмыстарын күшейту тапсырылды. Қажет болған жағдайда малдың орналасқан жерін бақылау үшін GPS-құрылғыларын пайдалану ұсынылды.
Сондай-ақ елді мекендердегі инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін арттыру міндеттері қойылды. Атап айтқанда, трансформаторларды қоршау және жұмыс істемейтін бейнебақылау камераларын қалпына келтіру тапсырылды.
Қорытындылай келе, облыс әкімі жұмыстың тиімділігін өткізілген іс-шаралардың санымен емес, нақты нәтижелермен бағалау қажеттігін атап өтті.
– Біз үшін іс-шаралардың өткізілу фактісі емес, нақты нәтиже маңызды. Қылмыс саны азайды ма? Тұрғындардың қауіпсіздігі артты ма? Дәл осы көрсеткіштер бойынша атқарылған жұмысты бағалау қажет. Басты мақсат – облыс орталығынан ең шалғай ауылдық елді мекендерге дейінгі бүкіл өңірде халық үшін қауіпсіз орта құру, – деді Н. Түрегалиев.
