Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысында тіл саясатын жүзеге асыру мәселелері облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кеңесте облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медхат Кәмбетов тіл саясатын іске асыру нәтижелері туралы баяндады. Оның деректері бойынша, 2025 жылдың мамыр-қараша айлары аралығында облыста әлеуметтік зерттеу жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша халықтың 86,5%-ы мемлекеттік тілді меңгерген.
Ағымдағы жылдың мамыр айында 500 мемлекеттік қызметші, мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардың қызметкерлері және ұлттық компаниялардың қызметкерлері «Қазтест» тапсырды. Мемлекеттік қызметшілердің 86%-ы мемлекеттік тілді орташадан жоғары деңгейде меңгергенін көрсетті. Мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардың қызметкерлері арасында бұл көрсеткіш 83%-ды, ұлттық компаниялардың қызметкерлері арасында 65%-ды құрады.
– Әрбір азаматтың қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауға құқығы бар. Алайда азаматтарға қызмет көрсету, ақпарат пен жарнаманы орналастыру кезінде тіл туралы заңнаманың нормалары қатаң сақталуы тиіс, – деп атап өтті баяндамашы.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына 2024 жылдың сәуірінде заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін тіл туралы заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылау жөніндегі өкілеттіктер мен қосымша функциялар жүктелді. Ағымдағы жылы тіл заңнамасының сақталуына мерзімді тексерулер тоғыз мемлекеттік мекемеде, оның ішінде денсаулық сақтау, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларында, сондай-ақ бірқатар аудандық және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде жүргізілді.
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Бөрлі, Теректі аудандары мен Бәйтерек ауданының басқармаларына қатысты 26 әкімшілік хаттама толтырылды. Алайда бірқатар аудандарда бұл жұмыс әлі жүргізілмейді. Атап айтқанда, Ақжайық, Бөкейорда, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласында.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі мемлекеттік органдардың басшыларына мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізуді жүйелі түрде күшейтуді тапсырды.
