Басты тақырып

БҚО-да 245 шақырым жол жаңартылып, Оралға жету уақыты қысқарды

Сурет: primeminister.kz

Батыс Қазақстан облысында Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын облыс орталығымен жалғайтын, жалпы ұзындығы 245 шақырым болатын автожолдарды реконструкциялау мен күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында облысаралық және ауданаралық автожолдарды кең көлемде жөндеу туралы қойған міндеттері аясында жүзеге асырылды.

Нақтырақ айтсақ, жөндеу жұмыстары ұзындығы 142 шақырымдық «Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы» бағытында және ұзындығы 103 шақырымдық «Өнеге – Бисен – Сайқын» автожолында жүргізілді. Аталған жолдарды жаңғыртуға жалпы көлемі 81,7 млрд теңге инвестиция салынды.

Жаңартылған жолдар аудандардың облыс орталығымен тұрақты байланысын қамтамасыз етіп, Ресеймен мемлекеттік шекараға шығуды жеңілдетеді. Осы бағыттардағы елді мекендерде тұратын 54 мың адам үшін Орал қаласына және өзге де бағыттарға күнделікті қатынау қолайлы болды. Тауарлар мен жүк тасымалы артып, арнайы көлік қозғалысы жиіледі. Барлық учаскелерде алғаш рет асфальт төселді, бұл қозғалыс жағдайын жақсартып, шалғай елді мекендермен көлік қатынасын жақсартты.

Облыс орталығына баратын уақыт екі еседен астамға – 12-14 сағаттан 5-6 сағатқа дейін қысқарды.

Көлік министрлігінің мәліметінше, соңғы алты жылда Қазақстанда 31 мың шақырым автомобиль жолы, оның ішінде 12,5 мың шақырым республикалық және 18,5 мың шақырым жергілікті желі реконструкцияланып, жөнделді. Нәтижесінде республикалық желінің нормативтік жай-күйі 89%-дан 93%-ға, жергілікті желі 71%-дан 91%-ға дейін жеткізілді.

Көп оқылғандар