Жайық news

БҚО-да 20 тонна жұмыртқаны заңсыз әкелу әрекеті тоқтатылды

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде Қазақстан аумағына 20 тонна тағамдық тауық жұмыртқасын заңсыз әкелу әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Самара — Астана бағытында келе жатқан жүк көлігін мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар БҚО бойынша ҰҚК Шекара қызметі департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп тексерді. Тексеру барысында жұмыртқаның заңнамада көзделген ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз тасымалданғаны анықталды.

Жүк көлігі кері қайтарылды. Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Тасымалдаушы өкілдеріне ҚР және Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринариялық заңнамасының талаптары, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ Комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 317 шешімінің ережелері түсіндірілді.

Еске салайық, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес 2026 жылғы 21 сәуірден бастап алты ай мерзімге үшінші елдер мен ЕАЭО мүше мемлекеттерінен Қазақстан аумағына барлық көлік түрімен тауық жұмыртқасын әкелуге тыйым салынған.

Бұл шаралар өнімнің әкелінуін реттеуге және елдің ветеринариялық-санитариялық және эпизоотиялық әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы, 2026 жылдың басынан бері «Сырым» бекетінде заңнаманың 216 бұзушылығы анықталды. 216 жүк көлігі кері қайтарылды. 90 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды ҚР және ЕАЭО ветеринариялық заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Ветеринариялық ілеспе құжаттардың болуына және мемлекеттік шекара арқылы бақыланатын өнімді тасымалдау кезінде белгіленген шектеулердің сақталуына ерекше назар аудару қажет.

Көп оқылғандар