Сурет: Egemen Qazaqstan
Әлем чемпионатының В тобындағы үшінші турда Босния және Герцеговина құрамасы Қатарды 3:1 есебімен ұтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Матчтың алғашқы голын 29-минутта Керим Алайбегович соқты. Бес минуттан кейін Қатар қорғаушысы Сұлтан Әл-Браке өз қақпасына доп енгізіп, есепті 2:0-ге жеткізді. Үзіліс алдында, 42-минутта Хассан Әл-Хайдос бір голды қайтарып, есеп айырмасын қысқартты.
Екінші таймда Босния және Герцеговина басымдықты сақтап, 81-минутта Эрмин Махмич үшінші голды соғып, жеңісті бекітті.
Алайда бұл жеңіс команданы топтық кезеңде үшінші орыннан жоғары көтере алмады. Босния және Герцеговина төрт ұпай жинап, Канадамен бірдей көрсеткішке ие болды, бірақ доп айырмасы бойынша олардан қалып қойды. В тобында Швейцария жеті ұпаймен бірінші, Канада екінші орын алды. Қатар бір ұпаймен соңғы орында қалып, жарыстан шығып қалды.
Енді Босния және Герцеговина үшінші орын иегері ретінде 1/16 финалға шығу мүмкіндігін білу үшін басқа топтардың нәтижелерін күтеді.

