Сурет: Egemen Qazaqstan
Украина Қазақстан мұнайын экспорттауға арналған инфрақұрылымға, сондай-ақ Қара теңіздегі Ресейге қатысы жоқ танкерлер мен қажетті құрылымдарға шабуыл жасамауға міндеттенді. Бұл туралы Bloomberg агенттігі америкалық шенеунікке сілтеме жасап, 7 тамызда хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Киев Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына және терминалға бет алған кемелерге шабуыл жасаудан бас тартады. Бұл кемелер Ресеймен байланысты болмаған, Украина санкцияларына ілінбеген және ресейлік жүк тасымалдамаған жағдайда ғана қолданылады. Агенттіктің мәліметінше, Украина бұл міндеттемелерді АҚШ билігінің өкілдерімен келіссөздерден кейін қабылдаған.
Бұған дейін The Wall Street Journal (WSJ) газеті дереккөздерге сілтеме жасап, АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Украинаға Қара теңіздегі үшінші елдердің кемелері мен мұнай инфрақұрылымына шабуыл жасауға жол берілмейтінін ескерткенін хабарлаған.
Басылымның мәліметінше, америкалық Chevron компаниясының бас директоры Майк Вирт Ақ үй өкілдерімен әңгіме барысында Украина шабуылдарынан туындауы мүмкін жанама залал мәселесін көтерген. Компания КҚК-дағы 15 пайыздық үлеске ие және өзінің инфрақұрылымын қорғауға мүдделі.
30 шілдеде Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлесіп, КҚК айналасындағы жағдайды талқылаған болатын.
17, 19 және 21 шілдеде Украина Қара теңіздегі КҚК теңіз терминалы маңында Қазақстан мен АҚШ жүк жөнелтушілерінің мұнайын тиеу кезінде азаматтық теңіз танкерлеріне шабуыл жасаған.
19 шілдедегі оқиғадан кейін терминалда мұнай тиеу жұмыстары тоқтатылды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Энергетика министрлігі КҚК-ға жасалған шабуылдарды айыптады. Астана шабуылдарды дереу тоқтатуды талап етіп, бұл әрекеттерді республиканың экономикалық мүдделеріне қол сұғу деп атады. Алайда Қазақстан нақты бір мемлекетті атаған жоқ.
Ұзындығы 1500 шақырым болатын КҚК құбыры Батыс Қазақстанда өндірілетін мұнайды Қара теңіздегі Новороссийск портына тасымалдайды. Батыс Қазақстанда өндірілетін мұнайдың негізгі бөлігін америкалық Chevron және ExxonMobil компаниялары осы құбыр арқылы экспорттайды. Жалпы алғанда, Қазақстан мұнайының 80 пайызы КҚК арқылы тасымалданады.
Бұған дейін Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап, КҚК инфрақұрылымы маңындағы шабуылдан кейін Қазақстан мұнай өндіру көлемін қысқартқанын хабарлаған.
Мазмұнға өту
