Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева биыл 30 кітапхананы жаңғырту жоспарланғанын мәлімдеді. Бұл – Президенттің кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі жарлығы аясындағы алғашқы қадам, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойған болатын. Осы құжат аясында кітапханаларды заманауи үлгіде жабдықтау көзделген.
«Жаңғырту жұмыстары кітапханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, оқырмандарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Біз кітапханаларды тек кітап сақтайтын орын емес, рухани орталыққа айналдыруды мақсат етіп отырмыз», – деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін 30 нысан толық жаңартылады. Олардың қатарында ауылдық жерлердегі кітапханалар да бар. Жобаға республикалық бюджеттен қаражат бөлінген.

