«QazExpoCentre-Pipe» ЖШС-да мұнай мен газ өндіру ісінде таптырмайтын бөлшек – сорапты-компрессорлық муфталар шығаратын жаңа өндірістік цех ашылды. Салтанатты шараға аймақ басшысы Нариман Төреғалиев қатысты. Бұл жоба өңірдегі ірі инвестициялық бастаманың бір бөлігі болып табылады. Кәсіпорынды дамытуға шамамен 5 миллиард теңге инвестиция құйылып, жаңа желінің қуаттылығы жылына 165 мың бұйым шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл қадам компанияның нарықтағы орнын нығайтып қана қоймай, импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетпек.
Өндіріс желісі диаметрі 60-тан 245 мм-ге дейінгі өнімдерді шығаруға қауқарлы. Бұл жобаның басты ерекшелігі – оның жоғары технологиялылығы мен толық автоматтандырылғандығы. Мұнда Германияның муфта оятын станоктары мен Жапонияның роботтандырылған жүйелері орнатылған. Осындай заманауи қондырғылардың арқасында дайын өнімдегі отандық қамту үлесі артып, кәсіпорын өзін-өзі толық қамтамасыз ететін деңгейге жетті.
Жаңа өндіріс орнының ашылуы әлеуметтік тұрғыдан да маңызды, себебі қосымша 60 жұмыс орны құрылып, жалпы ұжымдағы қызметкерлер саны 200-ден асты. Компания мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта қуаттылығы жылына 100 мың тонна болатын ішкі қабаты қапталған жіксіз құбырлар шығаруды жоспарлап отыр. Бұл өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін одан әрі арттыра түспек.
Мемлекет басшысының шикізаттық емес секторға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес зауыт ел экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Кәсіпорын кейінгі үш жылда бюджетке 15 миллиард теңгеге жуық салық төлеген.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі

